Қазақстан мұнайына – 120 жыл: Барлығы Ембіде басталған
2019 жылы отандық мұнай-газ саласы 120-жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл бүкіл Қазақстан үшін және, әрине, «Ембімұнайгаз» АҚ үшін де айтулы күн. Осы алғашқы Ембі кен орындарында бүгінгі күні еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қозғаушы күші болып табылатын қазақстандық мұнай саласының жарқын болашағы бастау алды.
Қазақстандық мұнайдың тарихы 1899 жылдың Атырау жерінде, Қарашұңғыл құрылымының № 7 ұңғымасынан (қазір Атырау облысы Жылыой ауданындағы «Ембімұнайгаз» АҚ келісімшарттық аумағында) шыққан алғашқы мұнай фонтанынан басталды.
Бұл оқиға князь Александр Бекович-Черкасскийдің экспедицияларынан, патша Петр І серіктесі – Иван Бухгольцтың (1671-1741) жорықтарынан бастап, осы өлкеде шамамен екі жүз жыл бойы жүргізілген зерттеулердің және басқа да зерттеушілердің еңбектерінің нәтижесі болды.
Тарихи деректерге сүйенсек, мұнайға жүргізілген алғашқы геологиялық-іздестіру және барлау жұмыстары 1892 жылы Ескене кен орнында басталған. 1893 жылы қарқынды барлау бұрғылауы Доссор, Қаратон, Мақат және Қарашұңғыл аудандарында, ауданы 24 000 шаршы шақырымға тең аумақта өрістетілді.
Сол жылдардағы бұрғылау журналдарында 1899 жылы Қарашұңғылда бұрғыланған 17 ұңғыма туралы мәліметтер көрсетілген. Қарашұңғыл көлі «көмірлі, кейде битумды қосылыстары бар гипс пен құмдақты саздақтардың /сұр түсті/ кезектескен кен қабаттарынан құралған кемінде екі қыртыстың оңтүстік-шығыс қанатында пайда болған сөзсіз карсттық /ойлы-қырлы/ құбылыс» болып сипатталады.
Қазақстандық мұнайдың тарихы 1899 жылдың Атырау жерінде
Қарашұңғыл мұнайы былай сипатталады: «...өте жеңіл мұнай, /жаңа шығарылған мұнайдың 2-3
күннен кейінгі үлес салмағы 0,849 құрайды/, тұнық және газдарға бай». Сонымен қатар, Қаратон құрылымында 1900 жылы бұрғыланған 20 ұңғыма және 1908 жылы бұрғыланған бірнеше ұңғыма туралы мәліметтер бар. Қаратон «мұнайлы қалың қабаттың күмбез тәрізді жайғасқан» деп сипатталады.
1908 жылы Ескене кен орнында мұнайшы кәсіпкер Стахеев № 5 ұңғымада 228 метр тереңдіктен тәуліктік дебиті 8 тоннаға жуық жеңіл мұнай фонтанын шығарды. Алайда, мұнайлы аймақтар 1911 жылдың сәуірінде Доссорда сапасы өзінің химиялық құрамы бойына Бакуда шығарылған мұнайдан жоғары болған ірі мұнай кен орны ашылғаннан кейін әлемнің назарын өзіне аудартты.
Аз уақыттың ішінде өңірде мұнай өндіруге «Батыс-Орал мұнай қоғамы», «Орталық-Орал-Каспий қоғамы», «Солтүстік-Каспий мұнай кампаниясы» және британдықтармен қатар акцияларының бір бөлігін Германия, Франция және Швейцария инвесторлары иеленген басқалар да кірісті. Доссор кен орны ашылғаннан кейін, бірнеше жыл өткен соң, 1915 жылы алғашқы мұнай «Нобель» компаниясы тапқан Мақат кен орнынан алынды. Соңғы оқиға 1914-1915 жылдардың аралығында осы кен орындарында мұнай өндірудің алғаш рет 200 000 тонна көрсеткішінен асып кетуіне алып келді.
Революция және одан кейін орын алған азаматтық соғыс
Революция және одан кейін орын алған азаматтық соғыс Ембі мұнай кәсіпшіліктерінің дамуын тежеді. Көмірсутек шикізатының жаңа мемлекет экономикасы үшін маңыздылығын түсінген армия Орал және Ембі сағасын басып алу мақсатында қызу шайқас жүргізді. Қираған, жартылай өртелген мұнай кәсіпшіліктерін және мұнай өндірісін жаппай күйзеліс, біліктілігі жоғары мамандардың тапшылығы, азық-түлік пен тұщы судың тапшылығы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың жасалмауы және осы факторларға байланысты эпидемиялардың себебінен персоналдың тұрақтамауы жағдайларында қалпына келтіруге тура келді.
Ембінің алғашқы басшысы, Орал-Ембі ауданы мұнай кәсіпшіліктері Басқармасының төрағасы Рувим Фридман сол жылдары бірқатар күрделі мәселелерді шешуге – кәсіпшіліктерді қалпына келтіруге, өндірістік объектілерде инфрақұрылым құруға, мұнайшылардың және олардың отбасыларының азық-түлікпен қамсыздандырылуын қамтамасыз етуге, кәсіпшілік тұрғындарының денсаулығы және балалардың білім алуы үшін жауапкершілік көтеруге, жұмыстан қалу жағдайларымен күресуге және кәсіпшіліктерде тәртіпті қамтамасыз етуге мәжбүр болды.
Сол бір қиын-қыстау жылдары, мұнай кәсіпшіліктерімен қатар мұнай саласындағы қазақстандық ұлттық кадрларының дамуы жалғасып жатты. Егер алғашқы кәсіпшіліктерде қазақтар қара жұмысшылар, күзетшілер және жүктерді жеткізушілер болса, өткен жүзжылдықтың 20-30-шы жылдары еңбек персоналын жергіліктендіру бағдарламасын іске асыру басталды.
1928-1933 жылдарға арналған Орал-Ембі ауданында білікті жұмыс күшін дайындаудың перспективалы бесжылдық жоспарына сәйкес 1928-1929 жылдары 371 жұмыскердің 30 %-ын, 2 277 жұмысшының – шамамен 46 %-ын қазақтар құрады. 40-шы жылдарға қарай кәсіпшіліктердегі қызметкерлердің арақатынасы байырғы ұлт өкілдерінің пайдасына өзгерді. Сонымен қатар олардың кәсіби біліктілігі де арта түседі. Қазақстанмұнайкомбинаты бойынша стахановшылар санының жиынтық кестесі бойынша Доссор басқармасының 182 стахановшыларының – 152-і (83,5 %) қазақ ұлтты жұмыскерлер, Мақат бойынша – 242 қазақ-стахановшы (барлық стахановшылардың 91 %-ы), Ескенде – 108 немесе 97 %, Қосшағыл бойынша – 127 немесе 88 %, Байшонас бойынша – 213 немесе 97 % және т.с.с.
Алғашқы жылдардағы қиындықтарға қарамастан мұнай кәсіпшіліктеріндегі өндіріс тапжылмай өсіп жатты. Өткен жүзжылдықтың 20-шы жылдарының екінші жартысында Ембі мұнайшыларының роторлық айналма бұрғылауды қолдана бастауы бұрғылау жұмыстарының дамуына, ұңғымалар тереңдігінің өсуіне, мұнай кендерін ашу және барлау қарқындарының жоғарылуына жағдай жасады. Ембідегі айналма бұрғылау алғаш рет КСРО-да қолданылды. Ембі мұнайшылары КСРО мен Еуропада бірінші болып Доссорда және Мақатта сол кезеңнің аса терең – 2 500-2 800 м дейін бұрғылауын игерді.
30-шы жылдары іздестіру-барлау жұмыстарын үдету және бірқатар кен орындарын ашу мұнайгаз өндіру өнеркәсібінің берік шикізат базасын құру үшін қажет болды, зертханалар құрылды, мұнай техникумы ашылды. Гурьев-Ембі-Омбы мұнай құбырының құрылысы басталды.
Ұлы Отан соғысы бүкіл ел үшін ауыр сынақ болды. Мыңдаған тонна мұнай өндірген және армияны жанармаймен қамтамасыз еткен Ембі мұнайшыларының қажымас еңбегі фашизмді жеңуге өз елеулі үлесін қосты. Ұлы Отан соғысы жылдары «Ембімұнай» өзінің жұмысын бір сәтке де тоқтатқан емес. Ол жылдары Ембіде соғыс жылдарына дейінгі бес жылдың ішінде өндірілген мұнайдан 39 % артық мұнай шығарылды. Соғыс жылдарының қиыншылықтарына қарсы Сағыз, Жолдыбай, Комсомольское, Қошқар кен орындары игеруге енгізілді, Комсомольск-Мақат, Қошқар – Сағыз мұнай құбырлары салынды, Қамыскөлде бу турбиналы электр станциясы салынды.
Соғыс және соғыстан кейінгі жылдары сапалы отынға жоғары қажеттілік жалпы отандық мұнай өндіру және мұнай өңдеу саласының дамуына мықты түрткі болды. Гурьев мұнай өңдеу зауыты салынды. КСРО-да алғаш рет қазақстандық мұнайшылар мұнай өндірудің қайталама әдісін меңгерді. Мұнайлы, Бекбике және Қаратон кен орындары қолданысқа енгізілді. Бұрғылаудың турбиналы тәсілі меңгерілді.
Ал, 1945 жылдан бастап «Қазақстанмұнай» өндірістік бірлестігіне өзгертілген «Ембімұнай» трестіне Қазақ КСР аумағында жұмыс жасаған мұнай саласының барлық кәсіпорындары енгізілді. 50-ші жылдар белсенді жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарымен есте қалды. Солардың нәтижесіне Тереңөзек, Тюлес, Қара арна және т. б. жаңа кен орындары ашылды. Ол жылдары Қазақстанда мұнай өндіру көлемі жылына 1 млн тоннаға дейін жетті.
60-шы жылдары жылдам турбиналық бұрғылау енгізіле бастады
60-шы жылдары жылдам турбиналық бұрғылау енгізіле бастады, бұрғылау білдектерінің техникалық мүмкіндіктері айтарлықтай артты. Қарсақ, Прорва, Мартыши, Таңатар, Оңтүстік-Батыс Қамысты, Кеңқияқ кен орындары ашылып, игеруге енгізілді.
Мұнайлы Ембінің бүкіл айтулы және даңқты тарихының ішінде геологиялық зерттеулер мен мұнай өндірудің теориясы мен практикасында ауқымды ақпарат көлемі және зор тәжірибе жинақталды. Бұл жерде дарынды қазақстандық мұнайшылар мен жетекшілердің бірнеше буыны өсіп-өнді. Ембі геологтары Батыс Қазақстан аумағында – Теңіз, Өзен, Маңғышлақ, Прорва, Кенбай және т. б. ең ірі көмірсутек шикізаты кен орындарын ашты.
Компанияның барлық жетістіктері – қиындықтарға қарамастан өздерінің мақсатқа талпыныстары мен жанкешті еңбектерінің арқасында болашақ ұрпақтардың жарқын келешегін құрған басшылар мен қатардағы мұнайшылардың еңбегі. Олар – Сафи Өтебаев, Бүлекбай Сағынғалиев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Махамбет Батырбаев, Наиф Камалов және тағы басқалар.
Компанияның тұрақтылығының негізі – еңбек әулеттері
Бейнебаян
Атыраудағы қазақстан мұнайының 120 жылдығы
Компанияның тұрақтылығының негізі – еңбек әулеттері. Бүгінгі күні «Ембімұнайгазда» жиырмадан астам әулет өкілдері еңбек етуде. Олардың ішінде үш және одан астам буын өкілдері өз өмірлерін қиындыққа толы мұнайшы мамандығымен байланыстырған. Олардың кейбірінде жалпы жұмыс өтілі 200 жылдан асады. Олардың ішінде Жылкышиевтар, Курманкуловтар, Торехановтар, Салиевтар, Кулбалиевтар, Бекмурзиевтар, Ондашевтар, Бешимовтар, Корпебаевтар, Уалиевтар, Бисенбаевтар, Жакашевтар, Айдарбековтар, Раимбергеновтар және т. б. әулеттерін атап өту керек.
Еңбек әулеттерінің арқасында Компанияда ұрпақтар сабақтастығы сақталып, мамандықты отбасылық мұраға алу жалғасып келеді, құнды тәжірибе ұрпақтан ұрпаққа беріледі, өскелең ұрпақты еңбекті құрметтеуге, өз мамандығын мақтаныш етуге баулу жүзеге асырылады.
Сондай-ақ мамандығы мұнайшы болмаса да, саланың дамуына өз үлесін қосқан адамдардың еңбегін де ұмытпауға тиіспіз. Олардың ішінде энергетиктер, жабдықтаушылар, инженер-автоматшылар, арнайы техника жүргізушілері, сервистік қызмет қызметкерлері, медицина қызметкерлері және басқа да көптеген мамандар бар.
Қазіргі кезде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы – кен орындарын геологиялық барлауды, игеруді, мұнай мен газды өндіруді және дайындауды жүзеге асыратын заманауи мұнай компаниясы. Өндірістің қызметте «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы үшін басты басымдықтары персоналдың және өндірістік қызметтің қауіпсіздігі болып табылады. Осы бағытта компания өлім-жітім және апаттар бойынша нөлдік көрсеткіштерге қол жеткізді.
Компанияның келешектегі дамуының стратегиялық бағыттарын анықтау мақсатында 2018 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-да алдағы 10 жылға арналған Даму концепциясы қабылданды. Болашақта Ембі – бұл мемлекет мажоритарлық қатысатын, ең жоғары қауіпсіздік стандарттарына сай келетін, біліктілігі жоғары персоналы және рентабельді ресурстық базасы бар, ұзақ мерзімді дамуды қамтамасыз ететін тиімділігі жоғары мұнай-газ компаниясы.